Жұмысшы мамандықтар жылы
ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖОБАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған болатын.
Осы мақсатта бүгін Отырар ауданында жұмысшы мамандықтар жылы аясында аудан әкімінің орынбасары, жұмысшы топ төрағасы А.Құлмахановтың төрағалығымен Д.Құрманбек атындағы колледж студенттері және жастар арасында кездесу жиыны ұйымдастырылды.
Жиынға бірлескен жұмысшы топ мүшелері, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС өкілдері арнайы қатысты.
Жиын барысында Түркістан агрокешен компания менеджері Ергешалиева Аида Ерғалиқызы жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған жобаларды көпшілік назарына ұсынып, жоба нәтижесінде жергілікті жердегі 1500-ге жуық тұрғындар жұмыспен қамтылатынын атап өтті.
Компания менеджері атап өткендей Отырар ауданында өндірілген шикізат Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында бой көтеріп жатқан жіп иіру, тоқыма, мата өңдеу, бояу және дайын өнім шығару фабрикаларына жеткізіледі.
Колледж директоры Талғат Қайбылдаұлы колледждің материалдық-техникалық базасы негізінен ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлауға негізделгенін, алдағы уақытта студенттерді өндірістік практикаға жіберуге және бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыруға мүмкіндік бар екендігін жеткізді.
Қазіргі таңда колледжді бітіруші тракторист-машинист, автомеханик, аспаз және жеміс-көкөніс мамандықтары бойынша бітірушілерді компания өкілдері жұмысқа шақырып, күн тәртібі мен алатын жалақылары және әлеуметтік-тұрмыстық нысандар туралы түсіндіріп өтті. Сонымен, бірге бітіруші түлектер мен жастар компания өкілдеріне көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.
Жиынды қорытындылаған жұмысшы топ төрағасы Айдос Құлмаханұлы жобаның экономикалық тиімділігі жоғары екендігін айтып, мақта-тоқыма кластерін дамытуға ықпал етіп қана қоймай, өңір бюджетіне кіріс әкеліп, салық түсімдерін арттыратынын тілге тиек етті.